Астаналық зейнеткерлер Елорда күніне мерекелік ән арнады

Астаналық зейнеткерлер Елорда күніне мерекелік ән арнады

Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткерлері елордалықтарға ерекше тарту жасады. «Ұлттың үні – домбыра, Елдің нұры – Астана!» және «Астана – арман қала» атты мерекелік бағдарламалар екі күн қатарынан Орталық алаңда және «Ailand» демалыс аймағында көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мерекелік концертте зейнеткерлерден құралған «Әдемі дәуір», «Сарыарқа», «Жалын» би топтары, «Кербез_модельс» сән тобы, «Сағыныш сазы» және «Гүлдер» вокалдық ансамбльдері, әнші Рауза Набиулина өнер көрсетті. Көпшілікті тәнті еткен тағы бір ерекше нөмір – скандинавиялық серуен мен айкүне жаттығуының спорттық композициясы болды.

Ал Қорғалжын тас жолындағы «Ailand» демалыс орнында Нұра ауданы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған концерт тұрғындарға шаттық сыйлады. «Нұра әуендері», «Атамекен» және «Қыздарай» ансамбльдері көпшілік ықыласына бөленді.

Барлығы 100-ден аса өнерлі ата-әже қатысып, 30-дан аса музыкалық қойылым дайындады. Бұл – Астананың құрылысына, дамуына үлес қосқан аға буынның елордаға деген сүйіспеншілігінің көрінісі.