Астанада бос жатқан аумақта жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Астанада бос жатқан аумақта жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Қала күні мерекесі аясында Астанада жаңа қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылды. Жаңа демалыс орны бұрын бос жатқан аумақта – Алматы ауданындағы «3 гектар» тұрғын үй кешені мен «Ақ мешіт» мешіті арасындағы кеңістікте орналасқан, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Бұрын иен тұрған бұл аумақта қазір ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылып, жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.

«Жаңа қоғамдық кеңістік спортпен шұғылдануға арналған инфрақұрылыммен жабдықталған: баскетбол мен волейбол ойнауға арналған әмбебап спорт алаңы, футбол алаңы және воркаут аймағы салынды. Сонымен қатар демалыс аймағы да бар. Бұл аумақ ауданның жаңа тартымды нүктесіне айналып, балалар күлкісі естілетін орын боларына сенімдіміз», – деді Алматы ауданы әкімдігі.

Жаңа демалыс орнын ашу рәсіміне мешіт имамдары мен Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов қатысып, қала тұрғындарын құттықтады.

Шарада балаларға арнайы аниматорлар өнер көрсетті.

Алматы ауданының тұрғындарына Астана күніне арналған тағы бір сый – толық жабдықталған 22 аула пайдалануға берілді. Тағы 9 ауланың абаттандыру жұмыстары аяқталып, тапсыруға дайын.

Еске сала кетейік, биыл Астанада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылады. Бұл жұмыстар қаланың барлық аудандарын, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі қазірдің өзінде аяқталған.