Астананың Сарайшык ауданында тағы бір тұрғын үйдің ауласы жаңартылып, пайдалануға берілді

Астананың Сарайшык ауданында тағы бір тұрғын үйдің ауласы жаңартылып, пайдалануға берілді

Қала күні мерекесі аясында Сарайшык ауданындағы «Отан» тұрғын үй кешенінде жаңа аула пайдалануға берілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Жаңартылған аула А. Байтұрсынұлы көшесі, 49/1 мекенжайында орналасқан. Ашылу салтанаты мерекелік атмосферада өтті – арнайы шақырылған аниматорлар балаларға арналған ойындар, билер мен көңілді байқаулар ұйымдастырды.
Балалар үшін үш мұнаралы ойын кешені, әткеншектер және екі көлеңкелі орындық орнатылды. Ауланың айналасына орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған.

«Сондай-ақ жаттығуға арналған спорт алаңы салынды. Онда алты түрлі жаттығу құрылғысы, соның ішінде қолмен тартылып өтуге арналған құрылғы мен воркаут аймағы бар. Футбол алаңы ұзартылып, бояу жұмыстары жүргізілді, газон жамылғысы жаңартылды. Балалар мен спорт алаңдарына қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру үшін тартан жабынды төселді», – деп хабарлады Сарайшык ауданы әкімдігінің өкілдері.

Аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылды. Жергілікті тұрғындар жасалған жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

«Бүгін – біз үшін ерекше күн. Қала күнін осындай ерекше форматта атап өтіп жатырмыз: балаларымыз бен өзімізге арналған тамаша демалыс және араласу алаңы пайда болды. Барлық жұмыстар сапалы әрі уақытында атқарылды. Баршаға алғысымызды білдіреміз», – деді тұрғын Еркінбек Жақсылықов.

Еске сала кетейік, биыл Астанада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылады. Бұл жұмыстар қаланың барлық аудандарын, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Қазіргі таңда абаттандырудың басым бөлігі аяқталған.