Астана күніне орай Есіл ауданында жаңа аула алаңдары салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жаңартылған алаңдар Әл-Фараби даңғылы, 29 мекенжайындағы Comfort Town тұрғын үй кешені мен Мәңгілік Ел даңғылы, 22 мекенжайында орналасқан.
Бұл аумақтар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылды. Биыл тұрғындар дауыс беру нәтижесінде ең көп дауыс жинаған алты аула осы бағдарламаға енгізілді.
«Есіл ауданында 400-дей аула бар, соның 88%-ы қанағаттанарлық күйде, себебі бұл аудандағы тұрғын үйлер салыстырмалы түрде жаңа. Ал бұрын салынған үйлерде біз бұған дейін «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы бойынша жөндеу жүргіздік. Жыл сайын 6-10 ауланы, кей жылдары 15-20 ауланы жөндейміз. Қазіргі таңда аулалардың 90%-ға жуығы қанағаттанарлық деңгейде. Инфрақұрылым жұмыс істеп тұр», – деді Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы.
Аудан әкімінің айтуынша, тек күрделі жөндеуге емес, сонымен қатар жергілікті сипаттағы жөндеу жұмыстарына да ерекше назар аударылған. Мұндай жөндеу биыл ауданның 40-қа жуық ауласында жүргізілді.
Аулалар ашылған сәтте әкім аудан тұрғындарына «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, үй белсенділеріне алғыс хаттар табыс етті.
Шара аниматорлардың қатысуымен өткен мерекелік бағдарламамен жалғасты.
«Тұрғындар атынан Есіл ауданының әкімдігіне және жобаны жүзеге асырған мердігер ұйымға алғысымды білдіремін. МИБ-қа да ерекше рахмет. Солардың бірлескен еңбегінің арқасында ауламыз бұрынғыдан да жайлы болды, ал балаларымыз қуанып жүр», – деді аула тұрғындарының бірі.
Еске салайық, биыл Астанада шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылады. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Қазіргі таңда абаттандыру жұмысының басым бөлігі аяқталды.