Астана күніне орай елорданың алты ауданындағы тұрғын алаптарда дәстүрлі түрде шығармашылық ұжымдар мен танымал әртістердің қатысуымен мерекелік концерттер өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Астана күнінде тұрғын алаптарда концерт өткізу – игі дәстүрге айналған.
Мерекелік іс-шаралар барысында елордалық Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің шығармашылық ұжымдары мен қазақстандық эстрада жұлдыздары тұрғындар алдында өнер көрсетуде. Олардың қатарында Бауыржан Исаев, Бибігүл Ысқақова, «Восток» триосы, Айлин, «Алтын» тобы, Зарина Омарова, Дәурен Сейітжанов, Берік Ержанов, Гүлнұр Оразымбетова, Мәқсат Базарбай, Айдын Жұмабай, Сейфуллин Жолбарыс, Құрмаш Махан, Айгүл Иманбаева, Мөлдір Мұқан, Парасат Отан, «Бәйтерек» тобы және басқа да өнерпаздар бар.
Концерттер Алматы ауданында – Теміржолшылар тұрғын алабында және «Жерұйық» паркінде; Байқоңыр ауданында – «Өндіріс», «Қазқалашық», Кірпіш тұрғын алаптарында; Нұра ауданында – «Айғыржал» және «Жағалау» алаңдарында; Сарыарқа ауданында – «Көктал» паркінде, «Қорғалжын» скверінде және қалалық алаңда; Сарайшық ауданында – Өндіріс, Интернациональный, Отау тұрғын алаптарында өтіп жатыр.
Мерекелік бағдарламаның қорытындысы ретінде Есіл ауданының «Жетісу» паркінде театрландырылған шағын қойылымдар ұсынылады. Көрермендер алдында «Высокие Братья» театры, «Артишок» театры, ArtLab эксперименталды театры, Мұтырғанов театры, Limpopo театры және DNE пантомима және би театры сынды шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.