Астанада қалалық перфоманстар фестивалі елорда күніне орай салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальдің негізгі алаңдары Орталық саябақ, «Жетісу» саябағы және қалалық алаң болды. Мұнда көрермендер ашық аспан астында көше спектакльдерін, музыкалық қойылымдарды, цирк өнерін және театрлық қойылымдарды тамашалады.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын оятқан көрініс – театр ұжымдарының шеруі болды. Бұл театр шеруі қаланың орталық көшелерін қамтыды. Оған Қазақстан мен Ресейдің түрлі өңірлерінен келген 100-ден астам әртіс қатысты.
Фестивальге «Высокие братья», «ArtиШок», «Шоу Мутургановых», ArtLab, Limpopo, мимика және DNE би театры сынды танымал шығармашылық ұжымдар жиналды.
«Бүгін бізбен тек Астанадан ғана емес, еліміздің басқа қалаларынан және Ресейден келген театрлар жұмыс істеп жатыр. Біз үлкен әртістер шеруін, цирктік шоу ұйымдастырдық. Мұның бәрі ашық аспан астында өтті. Бұл – қала үшін нағыз мереке», – деді DNE ивент-агенттігінің директоры Бекзат Науқан.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының мәдениет бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаеваның айтуынша, бұл фестиваль «Мерекелік саябақ» атты ауқымды жобаның бір бөлігі саналады. Жоба аясында мәдени дамуға және отбасылық демалысқа бағытталған 100-ден астам іс-шара өткізіледі. Ерекше мән берілетін жайт – қолжетімділік: барлық іс-шара тегін өткізіліп, бағдарламалар әр жастағы көрермендерге лайықталып жасалған.
«Бүкіл қала жанданып кеткендей әсер қалдырды. Әртістер шеруі, музыка, жалпы атмосфера – ертегідей әсер қалдырады. Ең қуантатыны – бәрі қолжетімді. Нағыз мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс!» – деп әсерімен бөлісті астаналық Әлия Нұрланқызы.