Астана күні мен Ұлттық домбыра күні қарсаңында елорданың Нұржол бульварында дәстүрлі Dombyra Party іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны блогер Алмас Алтай қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізді. Мақсаты – ұлттық болмысты нығайту, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын ояту және ұрпақтар сабақтастығын қолдау.
Ашық аспан астындағы сахнада домбырамен күй, терме, эпостық жырлар мен халық әуендері орындалды. Шараның ерекшелігі – кез келген адам дайындық деңгейіне қарамастан сахнаға шығып, домбырамен өнер көрсете алды.
«Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол халқымыздың шынайы тарихы. Ол дала рухын, ата-бабамыздың даналығын, қазақ сөзінің қуатын жеткізеді. Мұндай шаралар ұлттық сана мен мәдениетке деген құрметті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Әсіресе, жастардың терме, күй, жыр, дастанға қызығушылық танытып жатқаны қуантады. Бұл дәстүрдің жалғасып жатқанын білдіреді», – деді Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі Құралай Слямбекова.
Dombyra Party алғаш рет былтыр тамыз айында, Абай күні өткен болатын.
«Ол кезде біз бұл форматтың күй мен ән орындауға ғана емес, поэзияға да лайық екенін түсіндік. Содан бері бұл бағытты да дамытып келеміз: қатысушыларға патриоттық тақырыпта – Қазақстан, Отан, тіл, Астана туралы өлеңдер оқуды ұсынамыз», – деді блогер Алмас Алтай.
Оның айтуынша, кеште тек бір ғана музыкалық аспап – домбыра қолданылған. Алайда әр қатысушы өзінше ерекшеленді: бірі домбырамен заманауи хиттерді орындаса, енді бірі дәстүрлі халық әндерін тарту етті.