Астанада «Асыл Мұра» ұлттық музыка кеші өтті

Астанада «Асыл Мұра» ұлттық музыка кеші өтті

Астана күні қарсаңында елордада «Асыл Мұра» ұлттық музыка кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Концерт барысында халық композиторларының шығармалары мен қазақ фольклорының музыкалық туындылары орындалды.

Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында Қазақстанның халық әртістері Айгүл Үлкенбаева мен Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ахат Байбосынов, Айгүл Елшібаева, Елмұра Жанаберген, Ақан Әбдуәли, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Қайрат Кәкімов, Ерболат Шалдықбеков, Өзгеріс Шерікбай, Перизат Тұрарова, Айгерім Нартүйе, Серік Жақсығұлов және Ұлболсын Кенжебай өнер көрсетті.

Көрермендер фольклорлық-этнографиялық «Қорқыт» ансамблі мен «Contrasst» би театрының да қойылымдарын тамашалады.

«Бүгінгі кеш – ұлттық музыкамызға деген құрметтің белгісі. Мұндай концерттер тұрақты түрде өтіп тұрады, алайда бұл кештің орны бөлек. «Асыл Мұра» атауының өзі көп нәрсені аңғартады, бұл – біздің ұлы мұрамыз. Бізге оны сақтап қана қоймай, келер ұрпаққа жеткізу де маңызды», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева.

Айта кетейік, кеш барысында ұлы Абайдың 180 жылдығына орай оның шығармалары мен басқа да маңызды туындылар орындалды.