Астана қаласында кәсіби мамандық иелерінің мәртебесін арттыру мақсатында ерекше шығармашылық шара ұйымдастырылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына орай, Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы «Менің мамандығым – менің мақтанышым» атты қалалық ән байқауы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл байқаудың басты мақсаты – түрлі мамандық иелерінің еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы рөлін шығармашылық арқылы көрсету. Музыкалық шығарма – композитор мен орындаушының бірлескен еңбегінің нәтижесінде дайындалды.
Шығармашылық байқауда түрлі мамандыққа арналған 100-ден аса туынды орындалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жыл сайын өткізіліп отырса, қоғамымыз үшін аса маңызды тақырыптарды арқау еткен әндердің қатары көбейер еді.
«Байқаудың негізгі идеясы – жалпыға белгілі болғандай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атағаннан кейін әр сала өз бағыттары бойынша қолдап отыр. Менің ойымша, біз өнер адамдары жолдауды қолдау керекпіз. Өнер ұжымдары музыкалық форматта қолдап отырмыз. Мен әртүрлі жобаларды жасап жүрмін, айырықша байқалатыны әндердің көбісі тойларға жазылған, ал мамандықтарға арналған әндер жоқ десе де болады. Қатысушылар әндерді жоғары деңгейде алып шықты, алдағы уақытта да мұндай байқаулар өз жалғасын тапса деймін, - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісов.