Елорда күніне орай Астанада Қазақстан Республикасы бойынша алғашқы балалар чемпионаты өтіп жатыр. Турнир Beeline Arena спорт кешенінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Спортты дамыту дирекциясының басшысы Ерлан Естек, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек, «Қазақ күресі» қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов, Қазақстан Республикасының «Қазақ күресі» бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Бітқожов және екі дүркін әлем чемпионы, «Қазақстан Барысы – 2014» және «Дала Қыраны – 2022» атақтарының иегері Мұхит Тұрсынов қатысты.
Турнирге еліміздің барлық өңірінен 2012-2013 жылы туған 300-ге жуық жас балуан қатысып жатыр. Ең мықтылары 12 салмақ дәрежесі бойынша анықталады.
«Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерін ұлт рухын көтеретін негізгі бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Бұл жолда қазақ күресін дамыту – баршамыздың ортақ борышымыз. Осы чемпионат – бұл міндеттің нақты орындалып жатқанын айқын дәлелдейді. Қазақ күресі – тәрбие мектебі, рухани негіз, ер мінезді қалыптастыратын өнер. Еліміздің барлық өңірінен келген жас балуандардың жарысқа қатысуы – келешекке деген сенімді нығайтады», – деді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.
Турнирдің ашылуында Астанада «Қазақ күресін» дамытуға үлес қосқан мамандарға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен «Қазақ күресі» қауымдастығы атынан алғыс хаттар табысталды.
Жарыстың бірінші күні балуандар 26, 29, 32, 35, 38 және 42 кг салмақ дәрежелері бойынша мықтыларды анықтады.