Елордада «Аялаған Астана» концерті өтті

Елордада «Аялаған Астана» концерті өтті

Елорда күні мен Ұлттық домбыра күніне орай Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Аялаған Астана» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Концерт барысында 20-дан астам өнер көрсетілімін балалардың вокалдық және би ұжымдары ұсынды.

«Жазғы лагерьдің аяқталуына орай республикалық және халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүрген дарынды балалардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Бағдарламада вокалдық және хореографиялық нөмірлер орындалды, сонымен қатар 5 пен 14 жас аралығындағы балалардың қатысуымен сурет байқауы өтті», – деді Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының директор орынбасары Айгүл Айтымова.

Концертті Оқушылар сарайының домбырашылар ансамблі «Адай» күйімен ашты. Сондай-ақ жас өнерпаздар Астана туралы өлең оқып, қалаға деген сүйіспеншілігін, оның жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін білдірді.

Мерекелік көңіл күйді «Нұршашу» және «Үркер» хореографиялық ансамбльдерінің өнері жалғастырды. Концерт соңында «Аймикс» және «Раян» вокалдық студиялары Астана мен балалық шақ туралы әндер орындады.