Астанада Паралимпиадалық оқу-жаттығу орталығының серіктестері арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі инклюзивті спартакиада өз мәресіне жетті. Сайыстар Елорда күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Спартакиаданы «Паралимпиадалық оқу-жаттығу орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Жарысқа ерекше қажеттіліктері бар жандар қатысты.
Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, командалық рухты нығайту және дене шынықтыруды дамыту.
Қатысушылар парабадминтон, үстел теннисі және отырып ойнайтын волейбол секілді үш спорт түрінен сайысты.
Үзілістер кезінде спортшылар тынығып, жеміс-жидек пен жеңіл тіскебасардан дәм татты. Мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін жанды музыка мен DJ-сет қойылды.
«Бұл спартакиада қоғамдық қордың құрылған күнімен және Елорда күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Басты міндет – спорт түрлерін дәріптеу ғана емес, әр қатысушыға жарыс пен командалық ынтымақтастық рухын сезінуге мүмкіндік беру. Қатысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Денсаулық, шабыт және сәттілік тілеймін», – деді қоғамдық қордың басқарушы директоры Марғұлан Кияқов.
«Мұндай шаралар ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін өте маңызды – бұл өз әлеуетіңді көрсетуге берілетін мүмкіндік. Мен осындай спартакиадалар мен бейімделген спорт түрлеріндегі жарыстарға үнемі қатысамын. Барлығымыз өзіміздің ең жақсы қасиеттерімізді көрсетуге тырыстық, бір-бірімізді қолдадық. Бастысы – күш емес, сенім мен қатысуға деген ниет», – деді параүстел теннисінен спорт шебері Жанна Әлиева.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, «Ең тату команда» арнайы номинациясы да табысталды.