Қазақстанда 6 шілдеде Астана күні атап өтіледі. Бұл мерекеге орай елордада дәстүрлі түрде жүзден астам түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылады. Биыл елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше оқиғалар, концерттер, шоулар, қойылымдар, акциялар, көрмелер, спорттық турнирлер және басқа да көптеген шаралар әзірленіп отыр. Бұл жөнінде қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Мәдениет басқармасының басшысы Жанабай Мейірманқұлов пен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жаз бойы демалыс және мереке күндері елордалық саябақтарда «Отбасы Time» балалар шығармашылығы фестивалі өтіп жатыр.
30 маусымда елордада IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі салтанатты шеруімен басталды. Фестивальдің мақсаты – халықаралық мәдени байланыстарды нығайту, кәсіби шеберлікті дамыту және қуыршақ театры өнерін насихаттау. Шараға Англия, Аустрия, Қытай, Түркия, Грузия, Испания, Тайланд, Өзбекстан елдері мен Қазақстанның өңірлерінен театр ұжымдары қатысуда. Фестиваль 4 шілдеге дейін жалғасады.
30 маусым мен 6 шілде аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Дүниежүзілік бокс қауымдастығы World Boxing аясында ерлер мен әйелдер арасында бокстан Әлем кубогы өтуде. Турнирге 31 елден 300-ден астам спортшы қатысуда, оның ішінде барлық 20 салмақ дәрежесінде қазақстандық құрама бар. Финалдық жекпе-жектер 6 шілде күні сағат 14:00-де және 19:00-де өтеді. Кіру тегін.
2 шілдеде Паралимпиада орталығында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында тоғызқұмалақ пен шахматтан турнирлер өтеді.
3 шілдеде Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатр сахнасында «JazzVIBE» концерті ұйымдастырылады. Бағдарламада «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Жастар» сарайының «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі және қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
3 шілде Паралимпиада орталығында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында алғашқы қалалық спартакиада өтеді. Сол күні Б. Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Сарайшық» ауданы ұйымдары арасында волейболдан турнир өтеді.
3-5 шілде аралығында Beeline Arena-да қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтеді.
4 шілдеде Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Аялаған Астана» атты мерекелік концерт өтеді. Сол күні М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында street-art форматындағы «Астанаға арнау» көше фестивалі өтеді.
4 шілдеде «Жастар» сарайында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен «Менің мамандығым – мақтанышым» атты қалалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
Осы күні Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздің үздік әншілері, күйші-жыршылардың қатысуымен «Асыл мұра» атты мерекелік концерт өтеді. Шара барысында халық композиторларының шығармалары орындалады. Концертке еліміздің танымал өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдары қатысады.
«Ғашықтар» саябағында «Астана сақасы» турнирінде асық атудан ең мықтылары анықталады. «Нұржол» бульварында «Асқақтаған Астана!» мерекелік іс-шарасы – Домбыра party ұйымдастырылады, ал «Жетісу» саябағында «QALA FEST» фестивалі мен кітап жәрмеңкесі өтеді.
4 шілде – Зейнеткерлер арасында шахмат турнирі мен «Ғашықтар» аллеясында асық ату жарысы. Сондай-ақ, Байқоңыр ауданының коммуналдық қызметкерлері арасында мини-футбол турнирі өтеді.
4 шілдеде Абай даңғылы бойында орналасқан «Коммуналдық қызметкерлер» скверінің ашылу салтанаты өтеді.
5 шілдеде Триатлон паркінде грек-рим, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі және автошеру қамтылған күрес фестивалі өтеді.
5 шілдеде Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатр сахнасында «Астана – арман қала» атты мерекелік концерт өтеді.
Бағдарламада танымал мәдениет қайраткерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
5 шілдеде VI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалі өтеді. Фестиваль аясында 5 шілдеде үрмелі оркестрлердің қойылымдары «Ғашықтар», «Жетісу», «Жерұйық» саябақтарында өтеді. Фестиваль 6 шілде күні «Қазақ елі» монументіндегі гала-концертпен аяқталады.
5-6 шілде күндері Орталық саябақта «Мерекелік саябақ» атты отбасылық демалыс фестивалі өтеді. Фестиваль аясында көрермендерге ашық аспан астындағы фильм көрсетілімдері, театрландырылған қойылымдар, бейнелеу өнері мен қолөнер бойынша шеберлік сабақтары, спорттық және ойын-сауық бағдарламалар, көрмелер мен концерттер ұсынылады.
Сондай-ақ 5-6 шілде күндері Астанада «Қалалық перформанстар фестивалі» өтеді. Елордалықтар мен қонақтарға ашық аспан астында саябақтар мен алаңдарда театрландырылған қойылымдар ұсынылады. Фестиваль қала көшелеріндегі әртістер шеруімен ашылады. Екі күндік бағдарламаға Астана, Алматы, Мәскеу қалаларынан шығармашылық ұжымдар қатысады.
5-6 шілде күндері өтетін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Мемлекеттік драма және комедия театры алғаш рет «Армандар орындалады» спектаклін ұсынады. Қойылым ерекшелігі – кәсіби әртістермен қатар түрлі жұмысшы мамандық иелері де сахнаға шығады. Мұғалімдер, журналистер, дәрігерлер, аспаздар, мейірбикелер, жүргізушілер, құрылысшылар және басқа да мамандар сахна шығады. Эмоционалды және шынайы сахналық бейнелер арқылы көрермендермен өз өмірлік тарихтарын, армандарын және кәсіби жолдарымен бөліседі.
Сондай-ақ «Жастар», «Наз», «Қанаттылар» театрларында және Музыкалық жас көрермен және Максим Горький атындағы академиялық орыс театрында жоспарланған спектакльдер қойылады.
6 шілдеде Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік іс-шаралар «Атырау» көпірінде және Орталық саябақта өтеді. Мерекелік концерттік бағдарлама Амфитеатр сахнасында жалғасады.
Сонымен қатар қаланың тұрғын алаптарында күндізгі мерекелік концерттер өтеді. Оған Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің шығармашылық ұжымдары мен қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады.
Осы күні Домбыра күніне орай «Қазақ елі» монументі алаңында «Jastar Energy» жастар концерті өтеді. Бағдарламада жас орындаушылардың өнер көрсетуі және көрерменмен интерактивті мәдени қарым-қатынасы өтеді. Мақсаты – жастар шығармашылығын қолдау, мәдени белсенділікті арттыру және заманауи өнерді насихаттау.
6 шілдеде «Астана-Арена» стадионы аумағында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен OPEN AIR концерті өтеді.
6 шілдеде «Ақжайық» скверінде заманауи би түрлерінен жастар арасында «Елордалық батл» би сайысы өтеді.
6 шілдеде «Қазанат» ипподромында бәйге түрлерінен «Елорда кубогы» турнирі және қазақтың ұлттық спорт түрлерінің үздіктері мен мықтылары қатысатын «Толағай» сайысы өтеді.
Сондай-ақ мереке күндері қала бойынша жаңа абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер мен аулалар ашылады.
7 шілдеде Амфитеатр сахнасында «Жастар» сарайының эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Алтын домбыра» мектебінің 400 оқушысының қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік-концерттік бағдарлама өтеді.
8 шілдеде Амфитеатр сахнасында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді. Байқаудың мақсаты – дәстүрді сақтау, бала тәрбиесі мен қоғамның дамуына үлес қосатын өнегелі отбасыларды анықтау және тану, отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы институтын нығайту.