«Әрқайсымыз жауаптымыз»: ТЖД елорда тұрғындарына үндеу жасады

«Әрқайсымыз жауаптымыз»: ТЖД елорда тұрғындарына үндеу жасады

Елордада өрт қауіпті кезеңі басталғалы бері қалыптасқан ахуал, апаттың алдын алу шаралары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы жөнінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Әділ Братаев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Биыл мамыр айынан бастап «Астана-Орманы» ЖШС жасыл белдеуді механикалық өңдеу жұмыстарын ауқымды түрде жүргізіп келеді. Бүгінгі күнге дейін жалпы аумағы 390 гектар жерге жырту және тырмалау жұмысы жүргізілген, бұл шамамен 600 шақырымдық өртке қарсы жолаққа сәйкес келеді. Салыстыра кетсек, 2024 жылы бұл көрсеткіш 360 гектарды құраған.
Жасыл аймақта жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыс өрттің алдын алу шаралар жоспарына сай жүзеге асуда және шеткі орман алқаптарында өрт шығу қаупін азайтуға бағытталған. Себебі бұл аумақтарда ауа температурасы жоғары әрі құрғақ ауа райы өрт шығу қаупін арттырады.

ТЖД мамандарының айтуынша, өрттің негізгі себептерінің бірі – қоқысты жинау және жою кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы. Биыл сәуір мен маусым айлары аралығында рейдтік іс-шаралар барысында департамент қызметкерлері 10 рет өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғанын анықтаған.

Өрт қауіпсіздігі ережелерінің 59-тармағына сәйкес, меншік нысанына қарамастан елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары өртке қарсы алшақтық аймақтарында жанғыш қалдықтардан, қоқыстан, құрғақ шөптен және басқа да тез тұтанатын материалдардан уақытылы тазартылуы тиіс.
Брифинг соңында ТЖД өкілі елорда тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды.

«Әрқайсымыз ортақ игілікке жауаптымыз. Сіздің сақтық танытуыңыз – қаланың қауіпсіздігіне қосқан үлесіңіз. Қала тұрғындарынан қырағылық танытуды, арнайы белгіленбеген орындарда от жақпауды, қоқысты уақытылы жинауды және өрт шыққан жағдайда 112 нөміріне хабар беруді сұраймыз», – деп астаналықтарға үндеу жасады.