«Таза Қазақстан»: халықаралық турнир қонағы Астананың сұлулығына таңғалды

«Таза Қазақстан»: халықаралық турнир қонағы Астананың сұлулығына таңғалды

Оңтүстік Кореядан келген IV халықаралық «Астана Гран-приі» садақ ату турнирінің қатысушысы Сун Хо Чой Қазақстан астанасы туралы жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, Астана – өте таза әрі сұлу қала, мұнда тәртіп пен экологияға ерекше мән беріледі. Ол Қазақстан астанасы жыл сайын қарқынды дамып, әлемдегі ең әдемі әрі экологиялық қалалардың қатарына сенімді түрде еніп келе жатқанын атап өтті.

«Астана күн сайын өсіп, дамып келеді. Бұл – өте таза және әдемі қала. Әсіресе жыл сайын жаңарып, одан әрі көркейіп келе жатқаны қуантады. Жеке өзім Астананы әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі деп есептеймін», – деді Сун Хо Чой.

Айта кетейік, елордада садақ атудан дәстүрлі IV халықаралық «Астана Гран-приі» турнирі өтті. Сайысқа Оңтүстік Корея, Мексика, АҚШ, Тәжікстан, Өзбекстан, Швейцария, Бурятия, Мәскеу облысы, Саха Республикасы және Қазақстанның түрлі өңірлерінен спортшылар қатысты.

«Бүгін біз жеке, командалық және аралас санаттар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтадық. Турнирге әлемнің түрлі елдерінен 111 мерген қатысты. 15 жасқа дейінгі аралас командалар арасында елордалық спортшылар Әділет Алуа мен Рахат Шавалеев күміс медаль иеленді. Осы жас санатында елордалық спортшы Томирис Бараншинова қола жүлдегер атанды», – деді халықаралық турнирдің бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі жоғары санатты төреші Ольга Ли.

Жарыстар классикалық және құрама садақ атудан ерлер мен әйелдер, жасөспірім ұлдар мен қыздар, кадеттер, сондай-ақ 2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында өтті.