Астанада қала күніне орай жастарға арналған «Qala Fest» фестивалі өтеді

Астанада қала күніне орай жастарға арналған «Qala Fest» фестивалі өтеді

Елордадағы «Жетісу» саябағында 4 шілде күні қалалық «Qala Fest» фестивалі өтеді. Бұл – заманауи мәдениетті, экологиялық бастамаларды және кітап оқуға деген сүйіспеншілікті біріктіретін ашық алаң, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Фестиваль Елорда күніне орайластырылған. Оның бағдарламасы екі негізгі блоктан тұрады.

Сағат 16:00-ден 19:00-ге дейін кітап ауыстыру жәрмеңкесі өтеді, онда әрбір келуші өз кітаптарын әкеліп, басқа қатысушылармен ауыстыра алады. Сондай-ақ «Экоалмасу» атты экоаймақ жұмыс істейді, мұнда пластик бөтелкелерді тапсыру арқылы қатысушылар пайдалы экологиялық сыйлықтар ала алады.

Сағат 19:00-де қазақстандық танымал орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама басталады. Жанды музыка, мерекелік сахна және бірлік атмосферасы қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлайды.