Астанада бокстан Әлем кубогының үшінші кезеңі басталды

Астанада бокстан Әлем кубогының үшінші кезеңі басталды

Елордада бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем кубогының үшінші кезеңі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.

World Boxing ұйымының еліміздегі алғашқы халықаралық турнирі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 30 маусым мен 6 шілде күндері аралығында өтеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бір аптаға жалғасатын додада Қазақстан құрамасы барлық 20 салмақта (ер және әйел) ең үздік боксшыларын қатыстырады. Олардың арасында 7 әлем чемпионы (Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай, Бекзат Нұрдәулетов) және 2 Париж Олимпиадасының жүлдегері (Назым Қызайбай мен Нұрбек Оралбай) бар.

Естеріңізге сала кетейік, 30 наурыз мен 6 сәуір аралығында Фос-ду-Игуасу (Бразилия) қаласындағы алғашқы кезеңде жерлестеріміз 3 алтын, 3 қола жүлде жеңіп алған болатын. Салыстырмалы түрде сол кезде құрам толықтай жаңарды.

Астана қаласының тұрғындары жекпе-жектерді күндіз 14:00 және кешке 19:00-де екі сессия бойынша тамашалай алады.