Қазақстанда ондаған мың бала алиментке тәуелді. Алайда, өкінішке қарай, барлық ата-ана өз міндетін орындай бермейді. Кейбірі бұл жайында ұмытып кетсе, енді бірі сот шешімін әдейі елемейді. Дегенмен, заң мұндай құқықбұзушыларды жазасыз қалдырмайды. Алимент төлеуден жалтарғандарға қандай жаза қолданылатыны туралы елордадағы Нұра ауданының прокуратурасы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Неке (ерлі-зайыпты) және отбасы туралы» кодекстің 171-бабына сәйкес, алиментті кешіктірген әр күні үшін қарыз сомасының 0,1%-ы мөлшерінде өсімпұл есептеледі.
Осымен бәрі біткен жоқ. Төлемнен жалтарғандарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 669-бабына сәйкес әкімшілік жаза қолданылады:
• 5 АЕК-ке дейін айыппұл;
• 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу.
Егер борышкер бірнеше ай бойы алимент төлемей, сот орындаушыларының ескертуіне құлақ аспаса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабында мынадай жаза түрлері көзделген:
• 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс;
• 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Мысалы, Нұра ауданының прокуратурасы алимент қарызы бар бола тұра, казино мен букмекерлік кеңселерден ұтыс алған, алайда үш айдан астам уақыт бойы әдейі төлем жасаудан жалтарған борышкерлерді анықтады.
Атқарылған жұмыс нәтижесінде 11 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Басқаша айтқанда, бала алдындағы борыш қамауға алумен аяқталуы мүмкін. Бірақ тіпті сотқа жеткізбей-ақ қолданылатын шектеу шаралары бар.
Сот орындаушылары мыналарды жасауға құқылы:
• шетелге шығуға тыйым салу;
• уақытша жүргізуші куәлігінен айыру;
• мүлік пен шоттарға тыйым салу.
Бұл – мүмкін болатын шектеулердің бір бөлігі ғана.
Егер қаржылық қиындықтар туындаса – жасырынып қалудың қажеті жоқ. Борышкерге еңбекпен қамту органдарына жүгіну немесе төлемді бөліп төлеу туралы келісім жасағаны жөн.
Нұра ауданының прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларды асырау міндеті ата-аналарға жүктелетінін еске салады.