Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде шинкиокушинкай каратэден дәстүрлі халықаралық Astana Cup турнирі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биылғы жарыста Қазақстанның 14 өңірінен бөлек, Қырғызстан, Грузия, Өзбекстан, Моңғолия, Мажарстан, Польша елдерінің де спортшылары жүлдені сарапқа салды.
Турнирді шинкиокушинкай каратэ федерациясы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Республикалық бәсекенің салтанатты ашылу салтанатына әлем чемпионатының абсолютті жеңімпаздары, Жапониядан келген Кембу Ирики, Михиро Судзуки және Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп арнайы келді.
«Дәстүрлі додамыз 25 жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Өздеріңіз байқағандай, турниріміздің деңгейі жылдан жылға артып келеді. Қазақстанның да әлемде өзіндік орны бар. Маусым айының басында ғана Жапонияда өткен 8-ші әлем чемпионатында жерлестеріміз 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте екінші орын алды.
Осыдан-ақ еліміздегі бәсекелерге өзге мемлекеттердің қатысуға қызығушылығы артатыны анық. Қазақстан 2019 жылы жаһандық доданы қабылдап үлгерген.
Сондықтан еліміз әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдауға қашан да әзір», - деп Шинкиокушинкай каратэ федерациясының вице-президенті Жомарт Айтқазы турнир жайлы айта кетті.
Сондай-ақ ашылу салтанатында шинкиокушинкай каратэ федерациясы әлем чемпионы атанған Антон Зимаревқа Астана қаласынан 1 бөлмелі пәтерді сыйға тартты.