«Заң және Тәртіп»: елордалық базарда ашық қабылдау өтті

«Заң және Тәртіп»: елордалық базарда ашық қабылдау өтті

Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп, «Заң және Тәртіп» апталығы аясында орталық базар аумағында көшпелі азаматтарды қабылдау шарасын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және аудан тұрғындарына өзекті мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсету болды.

Базарға келген тұрғындар аудандық прокуратура, полиция, ТЖД, мемлекеттік кірістер органдары мен санитариялық қызмет өкілдеріне тікелей сұрақтарын қойды.

Қабылдау барысында қала тұрғыны алимент өндіру мәселесі бойынша прокурордан көмек сұрады.

«Күйеуім төрт жылдан бері нақты табысын жасырып, алиментті ең төменгі жалақыдан төлеп жүр. Ол Шымкент қаласында тұрады. Маған оның табысын жасыру дерегі бойынша тұрғылықты жері бойынша қадағалау органдарына арыз жазу қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ, оның мүлікке, көлікке немесе бизнеске иелігі сияқты жасырын табыстарының дәлелі болса, алиментті қайта есептеу туралы өтініш жазу керектігі айтылды. Мен толыққанды жауап алдым және енді қалай әрекет ету керектігін білемін», – деді елордалық тұрғын.

Кездесу барысында кәсіпкерлердің құқықтары, төтенше жағдай туындаған жағдайда не істеу керектігі жөнінде сұрақтар қойылды. Санитариялық талаптар, салықтар және жеке қауіпсіздік тақырыптары қозғалды. Жастарды тұрғын үй бағдарламалары қызықтырды.

«Байқоңыр» ауданы прокурорының орынбасары Саламат Тәңірберген «Заң және Тәртіп» апталығы аясындағы шараға пікір білдірді.

«Бүгінгі акцияға Байқоңыр ауданының барлық уәкілетті органдары мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысуда. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың жұмысы жазалау үшін емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын түсіндіру. Тәртіп – бұл баршаға ортақ құндылық. Біздің басты міндетіміз – адамдарға заң шеңберінде нақты көмек көрсету. Ең бастысы – сұрақ қоюдан қорықпау. Біз халықты тыңдау үшін, шынайы көмек көрсету үшін келдік», – деді прокурор.

Іс-шара халықтың жоғары қызығушылығын тудырып, тұрғындардың мемлекеттік органдармен тікелей және конструктивті байланыс орнатуға дайын екенін көрсетті.