Астанада қаһарман полицейді әріптестері кәсіби мерекемен құттықтады

Астанада қаһарман полицейді әріптестері кәсіби мерекемен құттықтады

Қазақстан полициясы күніне орай Астана қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Эльдар Данияров кәсіби мерекемен полиция капитаны Архат Рақышевті арнайы құттықтап, оның ерлігіне алғыс білдіріп, құрмет көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2023 жылдың желтоқсан айында капитан Архат Рақышев жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызған «Howo» жүк көлігін байқап, тәуекелге бел буып, қозғалыстағы көліктің кабинасына секіріп мінді. Алайда, жүргізуші қарсылық көрсетіп, полиция қызметкерін жолға итеріп жіберген. Соның салдарынан офицер ауыр жарақат алды.

Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін капитан Рақышев «Айбын» II дәрежелі орденімен марапатталды.

Кездесу барысында Эльдар Нұрланұлы мұндай ерлік оқиғалары кәсіби рух пен қызметке адалдықтың негізі болатынын атап өтті:
«Архат – жай ғана офицер емес, ол қиын сәтте қоғам қауіпсіздігін өз өмірінен жоғары қойған адам. Бұл әрекет – нағыз ерлік пен антына адалдықтың символы. Мұндай үлгілер – қазақстандық полицияның рухы мен абыройын қалыптастырады», – деді ол.

Архатқа батылдығы, мінезінің беріктігі және қызметіне адалдығы үшін алғыс сөздері айтылды.