Астанада интеллектуалды даму ерекшелігі бар спортшылар арасында өткен VIRTUS World Basketball Championship 2025 халықаралық чемпионатының аяқталуына орай және ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
11 елден келген чемпионат қатысушылары Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының аумағына ағаш отырғызды.
«Халықаралық делегациялар, еріктілер мен ұйымдастырушылар бірге ағаш егіп, бірлігі мен ынтымақтастығын танытып, болашаққа деген ортақ ұмтылысты көрсетті. Бұл іс-шара спортшыларды тек спорт алаңында ғана емес, қоршаған ортаға жанашырлық танытуда да біріктірді», – деді IDSPORT федерациясының президенті Дина Темірғалиева.
Отырғызылған ағаштар бұл спорттық оқиғаның естелігі ғана емес, халықтар арасындағы достықтың да символы болады.
Айта кетейік, VIRTUS World Basketball Championship 2025 – Азия тарихында алғаш рет интеллектуалды даму ерекшелігі бар спортшылар арасында осындай ауқымда өткен чемпионат. Жарысқа Қазақстан, Польша, Аустралия, Италия, Испания, Жапония, АҚШ, Франция, Венесуэла және Португалия елдерінен келген 180 спортшы қатысты.