Астанада нашақорлыққа қарсы тағы бір акция өтті – «Нашақорлыққа жол жоқ – Нет наркотикам» деген трафарет жазу бояумен жабылып, флешмоб ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Акцияны Ғашықтар саябағында №101 орта мектептің еріктілері Білім басқармасы мен қалалық Полиция департаментінің өкілдерімен бірлесіп өткізді.
26 мамыр мен 29 маусым аралығында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай білім беру ұйымдарында және мектеп жанындағы лагерьлерде ауқымды іс-шаралар – акциялар, дәрістер, пікірсайыстар, квесттер, экскурсиялар өткізіліп жатыр. Оған оқушылар, студенттер мен еріктілер белсенді түрде тартылуда. Бұл шаралардың мақсаты – жастар арасында белсенді азаматтық ұстаным мен нашақорлықтың зиянын түсіну мәдениетін қалыптастыру.
«Біз құрдастарымызға әрқашан «жоқ» деуге болатынын айтқымыз келеді. Біз спорт, шығармашылық пен салауатты өмір салтын қолдаймыз. Нашақорлық адам өмірін әп-сәтте күл-талқан етеді – сенімділік, дербестік, еркіндік, сана тазалығы, тартымды келбет пен достармен өзара түсіністік жойылады. Сондықтан берік бол, ойланып әрекет ет, есірткіге еліктеме», – деді акцияға қатысқан 10-сынып оқушысы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бір реттік акция емес. Нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру бағытындағы алдын алу жұмыстары мектептерде, әлеуметтік желілерде және көшелерде жалғаса береді. Мұндай шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында тұрақты түрде өткізіледі.
«Оқушыларды есірткі насихатының алдын алуға тартудың маңызы зор, өйткені бұл есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты қалыптастырады, жауапты мінез-құлықты дамытады, тек мектепте ғана емес, күнделікті өмірде де. Бұл өз кезегінде салауатты ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді. Балалар граффити жазуға жиі қызығушылық танытады – ол назар аудартады, сұрақтар тудырады және есірткінің зияны мен салауатты өмір салтының маңыздылығы туралы ойлануға итермелейді», – деп атап өтті Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова.