Есірткі бизнесімен айналысатындардың торына қалай түсіп қалмау керек: Астанада оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті

Есірткі бизнесімен айналысатындардың торына қалай түсіп қалмау керек: Астанада оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті

Халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында мектеп жанындағы лагерьге қатысып жүрген жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға қонақ ретінде құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылды. Олар балаларға есірткінің зияны туралы және есірткі сатушылардың торына қалай түсіп қалмау керектігін түсіндірді.

«Жасөспірімдер жұмыс іздеп жүрген кезде алаяқ қылмыстық топтардың құрбанына айналып жатады. Олар жастарды түрлі айламен өздеріне тартып, пайдалануға тырысады. Балалар мұндай қылмыстық схемалар туралы біліп жүруі керек. Сондықтан осындай кездесулерді жиі өткізу қажет деп санаймын. Ата-аналар мен мұғалімдер балалармен жиі сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Себебі жасөспірімдер сенгіш келеді және олар қиын ортаға оңай тап болуы мүмкін», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Серікхан Асқарұлы.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мектептермен бірлескен жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.