Астанада Әкелер күніне орай балалар мен олардың әкелеріне арналған қыш бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар бірлесіп қолөнермен айналысып, ерекше балшық бұйымдарын жасап, уақытты тиімді әрі мағыналы өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Қазақстанның «Даму» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.
Шеберлік сабағы Kunjut Studio шығармашылық шеберханасында өтті.
Іс-шараның мақсаты – әке мен бала арасындағы эмоциялық байланысты нығайту, отбасы мүшелерінің бірлескен белсенді демалысын қолдау және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
«Әкелер күніне орай әкелер мен балаларға арналған осындай шара ұйымдастырдық. Бұл – «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында жүзеге асып жатқан іс-шара. Өткен жылы да осындай шеберлік сабағын өткізген едік, қатысушыларға қатты ұнады, сол себепті биыл да қайталауды жөн көрдік. Жобаның мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әкелер мен балалар арасындағы байланысты нығайту», – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Балжан Қолғанат.
Жиынға 20-дан астам отбасы қатысты.
Қатысушылардың бірі – Нұрлыбек Мұратов қызы Аружанмен бірге гүлге арналған ваза жасады. Ол мұндай шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Бұл – балалармен бірге уақыт өткізуге арналған тамаша мүмкіндік. Қазіргі кезде ата-аналар жұмысбасты болып кеткен, ал осындай сәттер – балаңмен бірге болып, бірнәрсе жасауға мүмкіндік береді. Бұл әке мен баланың байланысын нығайтады», – дейді ол.