Астаналық спортшылар Әкелер күніне орай ерекше челлендж бастады

Астаналық спортшылар Әкелер күніне орай ерекше челлендж бастады

Маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Әкелер күніне орай елордада «Әке көрген оқ жанар» атты әлеуметтік челлендж бастау алды. Игі бастаманы елордалық спортшылар көтеріп, бұл акцияға басқа өңірлердегі әріптестерін де қатысуға шақырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жүздеген спортшы, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру саласының қызметкерлері әлеуметтік желілерде «Әкем маған не үйретті?» деген тақырыпта шынайы әрі есте қаларлық оқиғаларын жариялап жатыр. Жеке естеліктер, мұрағаттық фотолар, бейнежазбалар мен алғысөздер желіде жарияланып, отбасылық құндылықтардың маңызын және әр баланың өміріндегі әкенің рөлін еске салды.

Челлендждің алғашқы қатысушыларының қатарында – Азия және Қазақстан чемпионы, каратэ шебері Венера Жақсыбаева, Азия чемпионатының қола жүлдегері Малика Әбжанова, паражүзуден спортшы Аделя Қалиева, әйелдер волейбол командасының бапкері Ұлан Есбай, гимнаст Қайсар Ибрашев, конькишілер Айша мен Асанәлі Көшкімбаевтар, сондай-ақ елордалық гандболшы және волейболшы қыздар бар.

Кейбір қатысушылар жарыстар кезінде ән шырқаса, енді біреулер әкесімен бірлескен жаттығу өткізді. Ал кейбірі өздерін спортқа алғаш әкелері жетектеп әкелгенін айтып, бөлісті.

Ерекше әсер қалдырғандардың бірі – Джамаль мен Кемаль Рузахунов бауырлары. Олар: «Әкеміз – біздің алғашқы бапкеріміз» деп шынайы сезімдерімен бөлісті. Олардың әкесі Арманжан Рузахунов – көптеген чемпиондарды, оның ішінде XIX Жазғы Азия ойындарының финалистері Нұржан Батырбеков пен күміс жүлдегер Галина Дуванованы тәрбиелеген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Джамаль – WORLD PRO әлем чемпионы, JJIF жүлдегері, Қазақстан мен Азия чемпионы. Кемаль – 2025 жылдың үш дүркін чемпионы, Grand Slam турнирі мен Азия біріншілігінің жеңімпазы.

«Рахмет, әке. Сен – біздің алғашқы бапкеріміз, тірегіміз, үлгі тұтар тұлғамыз, күш-қуатымызсың», – деді Рузахуновтар.

Челлендждің басты мақсаты – әкелерге алғыс білдіру, олардың бала тәрбиесінде, тұлға қалыптастыруда және спорттық рухты дамытуда алатын орнының маңыздылығын көрсету.
Игі бастама жалғасуда. Әрбір адам осы челленджге қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желіде архивтік фотолар, естеліктер, бейнеқұттықтаулар немесе алғыс сөздерді мына хэштегтермен жариялау жеткілікті: #AlgysAkeme #SpasiboPape #AkegeQurmet #ДеньОтцы.