Елордадағы саябақта жаз бойы ашық аспан астында жаттығулар өтеді

Елордадағы саябақта жаз бойы ашық аспан астында жаттығулар өтеді

Елорданың «Көктал» саябағында ашық спорттық-сауықтыру жаттығулары енді жаз бойы әр демалыс күні өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шаралар «Астана – есірткісіз қала» акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылады.

Жаз бойы «Көктал» саябағында демалыс күндері ашық аспан астында жаттығулар өткізіледі. Жобаны Сарыарқа ауданының әкімдігі мен Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы FitArenaWinox фитнес клубының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров бұл іс-шара халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай өткізілетінін хабарлады.

«Мақсатымыз – халықты, әсіресе жастарды спортқа, салауатты өмір салтына баулу. Жастар – біздің болашағымыз, сондықтан оларды барлық есірткі түрінен қорғау – біздің міндетіміз», – деді ол.

Жаттығуларды әр сенбі және жексенбі күндері өткізу жоспарланған. Бұл халықты спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтына тартуға бағытталған.

«Мұнда ашық аспан астында жаттығулар өтеді, олар адамдар үшін мүлдем тегін. Біз оларды салауатты өмір салтына тартамыз, әртүрлі жаттығулар өткіземіз, ұзақтығы – 1 сағаттан 1,5 сағатқа дейін. Арнайы дайындықтың қажеті жоқ, жаттығулар жеңіл болады, еш қиындық туғызбайды. Біздің жаттықтырушылар білікті, олар не істеу керек екенін көрсетіп, түсіндіріп береді. Арнайы құрал-жабдықтар да қажет емес, тек таңертең оянып, осында келу керек. Қатысушылар санына шектеу жоқ», – деді FitArenaWinox фитнес клубының директоры Богдан Филихин.

Астаналық Мөлдір Нұрпейісова бұл фитнес клубқа шамамен бір жылдан бері қатысып келеді. Ашық жаттығуларға нашақорлыққа қарсы күресті қолдау мақсатында келген.

«Мұндай іс-шаралар өте қажет және маңызды. Олар адамдарды салауатты өмір салтына үгіттеуге, ересектер мен жастардың есірткіге қарсы екенін білдіруге мүмкіндік береді. Балалар мен жасөспірімдер есірткінің қаншалықты қауіпті екенін толық түсінбейді, оның қандай зардаптарға әкелуі мүмкін екенін де білмейді. Сондықтан оларға есірткінің зиянын айтып қана қоймай, денсаулықты сақтау, спортпен айналысу арқылы оны қалай күту керектігін өз үлгіңмен көрсету керек. Жастарды ғана емес, ересектерді де ақпараттандыру өте маңызды», – дейді ол.