Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында Дүниежүзілік қан доноры күні атап өтілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырды. Оған Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, ерікті донорлар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – донорларға алғыс білдіру және қан тапсырудың жүйелі әрі ерікті түрін насихаттау. Кездесу аясында марапаттар табысталып, мерекелік концерт өтті. Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы Астанада 31 088 адам қан тапсырған. 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 14 149 адамды құрады. Оның ішінде алғаш рет қан тапсырғандар саны 11 мыңнан асса, тұрақты донорлар саны 5,9 мыңнан жоғары.
2024 жылы Астанада бір тұрақты қан тапсыру пункті жұмыс істеп, 107 ұйымның қатысуымен 194 көшпелі қан тапсыру акциясы өткізілді. 2025 жылы тұрақты пунктер саны екіге жетіп, алғашқы айларда 76 көшпелі шара ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда Астанадан 29 донор «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар тағы бес үміткердің құжаты Денсаулық сақтау министрлігіне жолданды. Бұл адамдар тек қана қан тапсырып қоймай, әлеуметтік жауапкершілік пен гуманизмнің жарқын үлгісін көрсетіп жүр.
Ұйымдастырушылар донорлық қозғалыстың маңыздылығына тоқталып, ерікті түрде қан тапсырып, өмірді сақтауға үлес қосып жүрген жандарға алғыс білдірді.