Зияткерлік даму ерекшелігі бар спортшылар арасындағы баскетболдан Virtus World Basketball Championship Astana 2025 әлем чемпионатына қатысу үшін елордаға келген халықаралық Virtus федерациясының бас хатшысы Барри Холман Астана туралы әсерімен бөлісті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
«Мен Virtus халықаралық федерациясының бас хатшысымын. Қазақстанға, соның ішінде Астана қаласына алғаш рет келіп отырмын. Мұнда болғаныма өте қуаныштымын әрі еліміздің турнирімізді қолдап отырғанына разымын. Біз Ботаникалық бақтың маңында орналасқанбыз, күн сайын таңертең сол жерде серуендейміз. Бақ пен көшелер өте таза, ауасы таза, Астананың табиғаты тамаша. Ботаникалық бақ — шын мәнінде көркем және күтіп ұсталатын орын, таңғы уақытты өткізетін таптырмас орын.
Бүгін қазақстандық әріптестерімнен жыл басынан бері экологиялық акциялар өтіп жатқанын білдім. Бұл – керемет бастама! Бізде де осындай шаралар ұйымдастырылады, мен өзім де қатысып тұрамын. Астана тұрғындарының экология мен тазалыққа көңіл бөлетініне өте қуаныштымын», — деді Барри Холман.
Айта кетейік, елордалық Триатлон паркінде зияткерлік дамуында ерекшелігі бар спортшылар арасында өтетін Virtus World Basketball Championship Astana 2025 әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
Ауқымды турнир Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған әлемнің 11 елінен 180 спортшы жиналды.
Чемпионатқа Қазақстан, Израиль, Польша, Аустралия, Италия, Испания, Жапония, АҚШ, Франция, Венесуэла және Португалия елдерінің командалары қатысуда. Жарыстар ерлер мен әйелдер арасында 3x3 және 5x5 форматында өтіп жатыр.
Бәсекелер 12-21 маусым аралығында екі алаңда өтеді: Триатлон паркінде және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-Жек» сарайында (Қабанбай батыр даңғылы, 43).
Көрермендер үшін кіру тегін.