Елорданың әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында VIII «Алтын күн» балалар патриоттық ән фестивалінің қорытынды кезеңі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен жыл сайын ұйымдастырылады. Оған балалар шығармашылық ұжымдары қатысады.
«Алтын күн» — бұл балаларға өз шығармашылық қабілетін көрсетуге, сондай-ақ бір-бірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
«Бұл – Қазақстан халқы ассамблеясы жыл сайын өткізетін байқаулардың бірі. Оның мақсаты – балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру. Байқауға қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл сайын артып келеді. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы күні 50-ден астам бала өз өнерін көрсетті, ал екінші күні 26 қатысушы сахнаға шықты. Қазылар алқасының құрамында балалардың дарынын бағалаған танымал мәдениет қайраткерлері болды», – деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова.
Байқау үш жас санаты бойынша өткізілді: 6-10 жас, 11-13 жас және 14-16 жас.
Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды, ал фестивальге қатысушыларға алғыс хаттар мен балалар тауарлары дүкенінен сыйлық сертификаттары табысталды.