
Астана қаласындағы Триатлон паркінде зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшыларға арналған баскетболдан Virtus World Championship Astana 2025 турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл - баскетболдан Қазақстан тарихында алғаш рет өтіп жатқан және Азия құрлығында тұңғыш ұйымдастырылып отырған Virtus чемпионаты, деп хабарлады хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Virtus чемпионаты Астанада екі алаңда өтеді. Оның аясында:
3х3 баскетбол жарыстары 12-15 маусым күндері Триатлон паркінде өтеді;
5х5 баскетбол ойындары 17-21 маусым аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы «Жекпе-Жек» спорт сарайында ұйымдастырылады.
Чемпионатқа 11 елден: Аустралия, Польша, Италия, Франция, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Испания, Израиль, Жапония және Қазақстан елдерінен жеңіл интеллектуалдық бұзылыстары бар (II1 санаты) спортшылар қатысып отыр.
Жарысты ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
Ал басты ұйымдастырушылар – «Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар тұлғалар спорты федерациясы» (IDSPORT), Қазақстан Республикасының Ұлттық баскетбол федерациясы (ҚР ҰБФ).
Жарыстар халықаралық Virtus федерациясының ресми мақұлдауымен өтіп жатыр. Virtus – 100-ден астам елдің 7 мыңнан астам спортшысын біріктіретін, Халықаралық Паралимпиадалық комитет мойындаған жетекші ұйым.
Тарихта тұңғыш рет баскетболдан Virtus чемпионаты Азияда өтіп жатыр. Бұл оқиға - инклюзивті спортты дамытудағы маңызды қадам ғана емес, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыратын ерекше белес.
«Астанада Virtus әлем чемпионаттарын өткізу – Қазақстанның спорт саласындағы теңдік, қолжетімділік және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін растайтын стратегиялық қадам. Бұл оқиға жүйелі өзгерістердің катализаторына айналып, мыңдаған адамның қоғам өміріне қатыстылығын және маңыздылығын сезінуіне жол ашады», – дейді IDSPORT федерациясының президенті Дина Темірғалиева.