
Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының XXIII сессиясы қарсаңында елордадағы Достық үйінде «Жаңа буын көшбасшылары» тақырыбында жастармен ашық кездесу өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Іс-шараны «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы өкілдігі бастамашы болды.
Мақсат – жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, этносаралық келісім қағидаттарын насихаттау және көшбасшылық қабілеттерін дамыту.
Диалогқа қоғам белсенділері мен медиа тұлғалар қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды мәселелерді талқылады және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Басты мақсат – жастарды шабыттандыру және олардың көшбасшылық қасиеттерін ашуға көмектесу. Түрлі салада танылған мамандармен тікелей қарым-қатынас арқылы біз жастарды жеке даму жолында ынталандыруды көздейміз», – деді ұйымдастырушылардың бірі Арман Жәнеев.
Мұндай кездесулер жастардың бірігуіне және ҚХА құндылықтарын ілгерілетуге септігін тигізеді.
«Біздің мақсатымыз – жастарға олардың қала мен ел өміріне белсенді араласа алатынын көрсету. Қазақстан халқы ассамблеясы – қуатты қоғамдық-саяси институт және біз жастар осы ұйымның миссиясына өздерін серіктес сезінгенін қалаймыз», – деп атап өтті «Ассамблея жастары» Астана қалалық өкілдігінің жетекшісі Лариса Пак.