Астанадағы мектеп жанындағы лагерьде ертегілер күні өтті

Астанадағы мектеп жанындағы лагерьде ертегілер күні өтті

Астана қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицей жанындағы «Ұрпақ camp» жазғы лагерінде «Ертегілер еліне саяхат» атты тақырыптық күн ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның басты мақсаты — өсіп келе жатқан ұрпақтың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру.

«Ертегі – бұл жай ғана әңгіме емес. Бұл – балаға жақсы мен жаманды түсіндірудің бір жолы. Балалар кейіпкерлердің рөліне еніп, олардың іс-әрекеттерін сезіне отырып, неліктен біреу жақсылық, ал біреу жамандық жасайтынын жақсырақ түсінеді. Бұл эмпатияны дамытып, өзгеге жанашыр болуды үйретеді», — деді лагерьдің аға тәлімгері Назымбек Секен.

Балалар халық ертегілерінің желісімен сахналық қойылымдар дайындады. Орыс тілді топ «Бауырсақ» ертегісін, ал қазақ тілді топ «Ұр тоқпақ» қойылымын көрсетті.

Әр қойылымды балалар өздері дайындады: реквизиттерді салып, костюмдерді тұрмыстық материалдардан құрастырды, тәлімгерлермен бірге рөлдерді жаттады.

Дайындық барысында мектептің ресурстары да пайдаланылды — қағаз, фломастер, принтер. Қажетті заттар мектеп бюджеті есебінен алынып, ата-аналардан қаражат жиналған жоқ.

«Костюм мен реквизитті балалар өздері жасады, ал тәлімгерлер бағыт-бағдар беріп отырды. Қарасаңыздар, кейбір балалардың басында қағаз маскалар бар — көрермендердің кейіпкерлерді оңай тануы үшін. Әр қойылымға 5–10 бала қатысса, көрермен ретінде лагерьдің барлық 170 баласы жиналды. Бұл — балаларды біріктіретін ортақ іс, оларды топпен жұмыс істеуге үйретеді. Сахнада ертегі кейіпкерлерін көрген балалар өздерін кімге ұқсатар едім деп ойлайды. Осылайша жеке тұлғалық рефлексия қалыптасады», — деді тәлімгер.

Оның айтуынша, лагерь педагогтары балалардың шығармашылық қабілетін ғана емес, эмоциялық интеллектіні дамытуға да ерекше назар аударады. Ата-аналар жиналысында ұстаздар рухани тәрбие мен жанашырлық тақырыптарын жиі көтереді.