
Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында IT саласына арналған «IT – болашақтың стратегиялық ресурсы» атты форсайт-сессия өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы мен ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжі бірлесіп ұйымдастырды.
Сессия барысында IT саласындағы білім беру мен еңбек нарығын дамытуға бағытталған стратегиялық бағыттар айқындалды, сұранысқа ие құзыреттер мен технологиялар анықталып, болашақ IT-маманының бейнесі қалыптастырылды. Іс-шараның маңызды мақсаты – колледж, түлектер және бизнес қауымдастық арасындағы байланысты нығайту. Бұл өз кезегінде еңбек нарығының нақты сұраныстарына сай кадр даярлау процесін тиімді етуге ықпал етеді.
Сессияның ашылуында Астана қаласы мәслихатының депутаты Бауыржан Қасымбергебаев пен Астана қаласы Білім басқармасының ТжКБ бөлімінің басшысы Ақмарал Хон сөз сөйледі.
«Салалық көшбасшылардың көзімен IT болашағы» атты панельдік баяндамалар аясында өз болжамдарын келесідей сарапшылар ұсынды:
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ салалық біліктілік жүйесін үйлестіру департаментінің директоры Ернат Жүнісұлы,
«Тамур» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Мұқаев,
«Қаржы орталығы» АҚ ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Айбике Өскенбай,
WorldSkills халықаралық сарапшысы Светлана Лапенко және басқа да мамандар.
ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжінің П-22-58гб тобының студенттері – Бекзат Сейтеналы, Нұрасыл Жолмұратов, Әзімхан Молдашев және Сарвар Қалжанова – Астана қаласының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының тапсырысы бойынша әзірлеген Otbasykomek сайтын таныстырып, жұмыс берушілер тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болды. Сонымен қатар ЕҰУ докторанты және колледж түлегі Дархан Әуезханның жаңашыл жобасы да қатысушылар назарын аударды.
Аталған соттың төрайымы Лейла Зинашева студенттердің еңбегіне алғыс білдіріп, олардың ата-аналарына алғыс хаттар табыстады және студенттерге жұмыс ұсынды.
Сессия «IT-білім беру және еңбек нарығы» атты панельдік пікірталаспен аяқталды. Онда жұмыс берушілер мен оқытушылар білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, IT саласын одан әрі дамытуға арналған ұсыныстар мен қорытындыларды белгіледі.
Іс-шара соңында Kazbrands қоғамдық қоры, «Сайлет» ЖШС және ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.