Астана алғаш рет интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында баскетболдан әлем чемпионатын қабылдайды

Астана алғаш рет интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында баскетболдан әлем чемпионатын қабылдайды

Астанада алғаш рет интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар спортшыларға арналған баскетболдан әлем чемпионаты — Virtus World Basketball Championship Astana 2025 өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ауқымды спорттық іс-шара 12-21 маусым аралығында өтеді. Чемпионатқа 11 елден 180 спортшы қатысады. Олардың қатарында Қазақстан, Израиль, Польша, Аустралия, Италия, Испания, Жапония, АҚШ, Франция, Венесуэла және Португалия командалары бар.

Турнир ерлер мен әйелдер арасында 3х3 және 5х5 форматтарында өтеді.
12-15 маусым күндері іріктеу ойындары Астанадағы Триатлон паркте ашық аспан астында өтсе, финалдық кездесулер 17-21 маусым аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында ұйымдастырылады.

Чемпионатты ұйымдастырушылар — «Интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар жандарға арналған спорт федерациясы» РҚБ, «Ұлттық баскетбол федерациясы» РҚБ және «Қазақстан стритбол лигасы» ҚБ. Жобаға Астана қаласы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.

Іс-шараның ашылу салтанаты 12 маусым күні сағат 12:00-де Триатлон парктегі баскетбол алаңында өтеді. Жабылу рәсімі 21 маусым күні сағат 15:00-де «Жекпе-жек» сарайында өтеді.

«Қазақстан астанасы алғаш рет Virtus әлем чемпионатын қабылдайтынын қуана хабарлаймыз. Астана бұған дейін де халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізген, өзін қарқынды дамып келе жатқан спорт қаласы ретінде танытты. Бұл чемпионат Қазақстанда және жалпы Орталық Азияда парабаскетболды дамытуға серпін береді. Барша спорт жанкүйерлерін қатысушыларды қолдауға және әлемдік деңгейдегі тартысты ойындарды тамашалауға шақырамыз», — деді интеллектуалдық дамуында ерекшелігі бар жандарға арналған спорт федерациясының президенті Дина Темірғалиева.