
Астананың Сарыарқа ауданы прокуратурасының өкілдері МИБ және ПИК төрағаларымен ашық форматта кездесу өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе балалардың терезеден құлауының алдын алу мәселелері талқыланды. Жиынға сондай-ақ Төтенше жағдайлар басқармасы мен Полиция басқармасының өкілдері қатысты.
Профилактикалық шараларға ерекше назар аударылды.
МИБ мен ПИК басшыларына ашық терезелердің қаупі туралы нақты мысалдар келтіріліп, осындай оқиғалардың салдары түсіндірілді. Сонымен қатар, осы жағдайлардың алдын алу жолдары бойынша нақты ұсыныстар мен кеңестер берілді.
«Біздің бастамамызбен МИБ және ПИК төрағаларымен кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиында балалар қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Нақты мысалдар келтіріліп, оқиғалардың себептері мен салдары талқыланды. Басты мақсат – алдын алу және тұрғындарды ақпараттандыру, ал төрағалар – тұрғындармен тікелей байланыстағы негізгі буын», — деді Сарыарқа ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай.
Сондай-ақ прокуратура мен полиция өкілдері тұрғын үй кешендеріндегі өзекті мәселелерді тыңдап, абаттандыру, қызмет көрсету ұйымдарының жұмысы және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тақырыптары талқыланды. Қатысты ведомстволар түсініктеме беріп, маңызды ұсыныстарды бақылауға алды.
«Бүгінгі кездесу балалар қауіпсіздігі — бәріміз үшін маңызды екенін көрсетті. Өкінішке қарай, терезеден құлау секілді жағдайлар жиілеп кетті, және біз, МИБ төрағалары, бұған бей-жай қарай алмаймыз. Бізге нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді, енді оларды тұрғындарға жеткіземіз», — деді МИБ төрағасы Мейрам Айменбетов.