Елордада Кіші Талдыкөл көлін биологиялық тазарту бойынша ауқымды экологиялық акция өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл су айдыны қаланың микроклиматына әсер етеді, жер асты суларының деңгейін реттеуге көмектеседі және қолайлы қалалық ортаның қалыптасуына ықпал етеді. Бұл – биологиялық әртүрліліктің көзі және сирек кездесетін құстар мекендейтін орын, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Тазарту технологиясының негізі – тірі микроағзалардан тұратын арнайы әзірленген биопрепараттарды қолдану.
Атап айтқанда, Bacillus тұқымдасына (Bacillus amyloliquefaciens, Bacillus subtilis және Bacillus pumilus) жататын микроағзалар қолданылады. Бұл микроорганизмдердің бірқатар пайдалы қасиеттері бар. Олар органикалық заттарды, соның ішінде өсімдік пен жануар тектес қалдықтарды ыдыратуға қабілетті, бұл судың ластану деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Сонымен қатар олар патогенді микрофлора мен зиянды бактериялардың дамуын тежейді, осылайша аурулардың пайда болу қаупін азайтып, су жануарлары үшін қауіпсіз жағдай жасайды.
Микробиологиялық тепе-теңдікті және су айдынының сау күйі үшін қажетті биохимиялық процестерді қалпына келтіруге көмектеседі.
Тазартудың ең жоғары тиімділігіне қол жеткізу үшін биопрепараттардың екі негізгі түрі қолданылады. Бірі — тірі бактериялардың жоғары концентрациясы бар сұйық биопрепарат. Ол суға тікелей қосылады, бұл биологиялық белсенділіктің жылдам басталуын және ластаушы заттардың белсенді ыдырауын қамтамасыз етеді. Екіншісі — ЭМ-шарлар (тиімді микроорганизмдер). Бұл құрамында саз, қоректік заттар мен бактериялық биомасса бар қатты композициялық шарлар. Олар ұзақ әсерге ие және су түбіне біркелкі таралып, микробтық белсенділікті ұзақ уақыт бойы сақтайды.
Бұл екі форманы біріктіріп қолдану су айдынын тез әрі тұрақты түрде ұзақ мерзімге тазартуға мүмкіндік береді.
Биопрепараттарды қолданумен қатар, жоба аясында көлдерді санитарлық тазалау бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, шамадан тыс өскен балдырларды шабу жұмыстары жүргізіледі. Бұл эвтрофикацияны — қоректік заттардың шамадан тыс жиналуы нәтижесінде судың гүлденуі мен балықтардың қырылуын болдырмауға көмектеседі. Барлық жұмыстар көлдер экожүйесінің биологиялық әртүрлілігі мен табиғи тепе-теңдігін сақтау талабымен жүргізіледі. Жергілікті өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тіршілік циклі мен мекен ету ортасына нұқсан келтірмеуге ерекше назар аударылады.
Мамандардың айтуынша, суды тазартумен қатар табиғи биологиялық процестерді қолдайтын биопрепараттарды қолдану су айдындарындағы биологиялық әртүрлілікті сақтап қана қоймай, оны арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Астананың табиғи ландшафттарының экологиялық тұрақтылығы мен сұлулығын арттыруға ықпал етеді.
Экологиялық акция нәтижелерін бағалау және процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жоба аясында тұрақты түрде су үлгілерін алу және биологиялық әрі химиялық талдаулар жүргізіледі. Бұл мәліметтер судың құрамындағы және сапасындағы өзгерістерді, микроб қауымдастығының жай-күйін, сондай-ақ флора мен фаунаның өсу динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.