«Мамандыққа жол: колледжден өндіріске»: елорда жастары электротехникалық зауытта кездесу өткізді

«Мамандыққа жол: колледжден өндіріске»: елорда жастары электротехникалық зауытта кездесу өткізді

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астана қаласы әкімдігінің Көлік және коммуникациялар жоғары колледжінің студенттері «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС-ге барып, кәсіби бағдар беру мақсатындағы маңызды кездесуге қатысты. «Мамандыққа апарар жол: колледжден өндіріске» деп аталған бұл бастама – өндірістік орта мен білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайтып, жастарды техникалық мамандықтарға ынталандыруға арналған жүйелі жоба, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның басты мақсаты – студенттерге өндірістік процестердің нақты үлгісін көрсету, олардың кәсіби бағдарын айқындап, білім мен дағдыны ұштастыруға мүмкіндік беру. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері колледждің сенімді әлеуметтік серіктесі болып келе жатқан Астана электротехникалық зауытымен әріптестікті нығайту көзделді.

Бағдарлама аясында студенттер қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, зауыттың жұмысымен танысты. Колледж және зауыт басшылығы құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорынның тарихы, жетістіктері мен даму бағыттары таныстырылды. Арнайы ұйымдастырылған шеберлік сыныбы барысында студенттер өндірістік құрал-жабдықтармен жұмыс істеу талаптарымен танысып, электрмен жабдықтау және электротехника салаларындағы заманауи талаптар жайында нақты ақпарат алды.

АЭТЗ өндірістік директоры Дархан Мақсұтов зауыттың 13 жылдан бері нарықта тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда 270-тен астам білікті маман қызмет етеді, ал жүзеге асырылған жобалар саны – 2700-ден асады.

«Біз студенттерге барлық жағдайды жасап, өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл – болашақ мамандарды даярлаудағы нақты қадам. Тәжірибеден өткен студенттердің біразы кейін осы зауытта жұмысқа орналасып жүр», – дейді ол.

АЭТЗ-ның жетекші маркетологы Анастасия Нелина зауыттың қызмет бағыты мен жас мамандарды қолдау ісіне ерекше тоқталды.

«Астана электротехникалық зауыты – Қазақстан нарығындағы түрлі жабдықтарды өндіру бойынша алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. 13 жылдан астам уақыт ішінде шамамен 3000-ға жуық жоба жүзеге асырылды. Ал штаттағы мамандар саны – 300-ге жуық.

Біз көптеген жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін қабылдап, тәжірибеден өтуге мүмкіндік береміз. Біз зауыт қызметі жайлы ақпаратты белсенді таратып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысып, жас мамандарды тарту бағытында жүйелі жұмыс істейміз.

Өкінішке қарай, қазіргі жастардың көбі кеңседе жұмыс істегісі келеді. Алайда дәнекерлеуші, электрик, металл құрылымдарын жинаушы сияқты өндірістік мамандықтар ел дамуы үшін аса қажет. Сондықтан біз бұл салалардың болашағы бар екенін жиі айтып келеміз», - дейді ол.

Практикалық тәжірибе алып жүрген студенттердің бірі – Кәсіптік техникалық колледждің 2-курс студенті Айдос Балғынбек:

«Сәуір айынан бері осы зауытта тәжірибеден өтіп жүрмін. Өндірістің ішкі құрылымымен танысып, болашақ мамандығыма қажетті маңызды дағдыларды меңгеріп жатырмын. Бұл тәжірибе маған үлкен мотивация берді», - деп атап өтті.

«Мамандыққа жол: колледжден өндіріске» атты бастама білім мен өндірістің түйісер тұсында нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейді. Мұндай кездесулер техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттырып, жастардың еңбек нарығына сенімді қадам басуына жол ашады. Бұл – кадрлық әлеуетті күшейтудің және өндірісті жаңғыртудың маңызды алғышарттарының бірі.