Жұмысшы мамандықтар жылы: елордалық оқушыларға арналған «Кәсіби квест» лагері ұйымдастырылды

Жұмысшы мамандықтар жылы: елордалық оқушыларға арналған «Кәсіби квест» лагері ұйымдастырылды

Астанада жұмысшы мамандықтар жылы аясында 5-8 сынып оқушылары үшін 9-13 маусым аралығында «Кәсіби квест» атты лагерь ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Лагерь елорданың жетекші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының базасында өткізіліп жатыр. Атап айтқанда: Технологиялық колледж, Техникалық колледж, Кәсіптік-техникалық колледж, Қызмет көрсету және туризм колледжі, ASTANA POLYTECHNIC жоғарғы колледжі, Көлік және коммуникация жоғары колледжі, Халықаралық «Астана» университетінің колледжі, Педагогикалық колледж, М.Тынышпаев атындағы Астана көлік колледжі (ALT), Басқару колледжі.

Лагерьге №5, 8, 15, 17, 27, 30, 37, 42, 46, 49, 55, 64, 65, 67 және 90 мектептердің 5-8 сынып оқушылары қатысып жатыр.

Лагерьдің алғашқы күні оқушылар Технологиялық колледжге барып, онда мына мамандықтар бойынша өткізілген шеберлік сағаттарына қатысты: «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Шаштараз өнері», «Тігін өндірісі және киім үлгілеу». Сондай-ақ колледждің материалдық-техникалық базасы таныстырылған экскурсия ұйымдастырылды.

«Мен бұл жерге сыныптастарыммен бірге келдім. Қандай мамандықтар бар екенін көргіміз келді. Колледж ұстаздары мен студенттерінің өткізген шеберлік сабағы ұнады», — дейді №30 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Аянат Ағыбай.

Жалпы жазғы демалыс кезеңінде 1-10 сыныптың 210 мыңнан астам оқушысын жазғы лагерьмен қамту жоспарланған. Оның ішінде 11 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы бала. Олар тегін демалыс мүмкіндігіне ие болады.

Мектеп оқушыларына арналған лагерьлер келесі бағыттарда жұмыс істейді:
• 92 мектеп базасындағы мектеп жанындағы лагерьлер – 55 200 оқушы үшін;
• 192 бейіндік лагерь – 11 520 балаға;
• 10 бағдарлама аясындағы тақырыптық жобалар – 142 298 оқушыға;
• 1 қала сырты лагерінде – 1 400 балаға.

Қосымша 4000-нан астам оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі.