Елордада ерекше флешмоб ұйымдастырылды, көліктердің көмегімен «Астана – есірткісіз қала» деген ұран құрастырылды. Бұл шара тұрғындардың назарын есірткі мәселесіне аудару мақсатында өткізілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Флешмобты Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы Қазақстан Республикасының Автомотоспорт федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Іс-шара халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай жарияланған айлық аясында өткізілді. Оның басты мақсаты – қоғамда есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыру, тұрғындардың, әсіресе жастардың ақпараттану деңгейін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Біз бұл іс-шара арқылы қоғамға мынадай ой тастағымыз келеді: есірткімен күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз. Еркіндік дегеніміз – денсаулықты, спортты және саналы өмірді таңдау. Мұндай акциялар өмірді, қозғалысты және жауапкершілікті таңдайтын адамдардың басын қосады», — деді ұйымдастырушылар.
Іс-шараға танымал спортшылар мен қоғам белсенділері қатысты.
«Біз есірткіге қарсымыз, салауатты өмір салтын қолдаймыз. Адамдар спортпен айналысып, өз денсаулығын күткенін қалаймыз», — деді әйгілі чемпион Илья Ильин.
«Мен үшін спортшы ретінде, бұл – жастардың, келешек ұрпақтың, еліміздің денсаулығы. Біз есірткіге қарсымыз», — деді атақты спортшы Айтым Жақыпов.