Есіл өзенінің жағасында фидер әдісімен (ағылшын тәсілінде аулау) балық аулаудан Астана қаласының чемпионаты өтті. Бұл жарыс жазғы спорттық балық аулау маусымының алғашқы турнирі болды. Сайысқа спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлерді, разрядты спортшыларды қоса алғанда 11 қатысушы бақ сынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бір күнге созылған жарыс барысында қатысушылар фидер әдісімен балық аулады. Жеңімпаз ең көп салмақта балық аулаған спортшы ретінде анықталды. Турнир аяқталғаннан кейін барлық балық қайтадан өзенге жіберілді, бұл табиғатқа ұқыпты және экологиялық жауапты көзқарас қағидаттарына сай келеді.
Бас төреші Алексей Крутовтың айтуынша, қатысушылар жарыс ережелерін қатаң сақтаған.
«Бүгінгі Астана қаласының фидер әдісімен спорттық балық аулау чемпионаты – жазғы жарыс маусымының ашылуы. Біз таңғы 06:00-де бастау алдық. Ең басты ережелердің бірі – қатысушылар спорттық балық аулау бойынша халықаралық стандарттарға сай құралдарды пайдаланады. Бұл – балыққа зиян келтірмеуге бағытталған. Балықтар арнайы орындарда сақталып, жарыс соңында өлшеніп, қайтадан су айдынына жіберіледі.
Сондай-ақ, барлық спортшылар «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысады. Жеребе тарту рәсімінен кейін әр спортшы өз секторын тазалап, реттейді. Чемпионат аяқталғаннан кейін де сол аумақты жинастырады. Біз «Таза Қазақстан» бастамасын қолдаймыз және су айдындарының тазалығын сақтауға үлес қосуға тырысамыз», — деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша ең көп салмақта балық ұстаған жеңімпаздар анықталды:
• 1-орын – Бауыржан Жарылқапов (4685 г);
• 2-орын — Радионов Антон (4620 г);
• 3-орын – Омаров Нариман (4395 г).
Ең ірі балық (мөңке, 650 г) үшін арнайы жүлде Антон Радионовқа табысталды.
Жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.