Астана тұрғыны JOLTAP жобасының арқасында мамандығына қайта оралып, карьерасын жаңадан бастады

Астана тұрғыны JOLTAP жобасының арқасында мамандығына қайта оралып, карьерасын жаңадан бастады

Астанада JOLTAP жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама астаналықтарға жаңа мамандықтарды меңгеруге, жеке кәсібін бастауға және карьера құруға мүмкіндік береді. Жобаның қатысушыларының бірі – Майгүл Шулембаева. Ол осы оқу бағдарламасының арқасында бұрынғы мамандығына қайта оралып, табысын арттырған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Майгүлдің екі жоғары білімі бар: ол – орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі және бухгалтер. Дегенмен, бухгалтер мамандығы бойынша ешқашан жұмыс істемеген, себебі оның кәсіби жолы негізінен сауда саласымен байланысты болған.

«JOLTAP жобасы жайлы Instagram желісінен білдім. Бұл бастаманы бұрыннан бақылап жүр едім, бірақ қатысуға бірден бел буа алмадым. Ақыры, қаңтар айында тіркеліп, қатысып көрмек болдым. Астана әкімдігінің осындай жобаларды жүзеге асырып, тегін қазақ тілі курстарын, кәсіптік білім алуға және жаңа дағдыларды үйренуге мүмкіндік беріп жатқаны ерекше қуантты», – дейді Майгүл.

Ол жоба өкілдеріне жүгініп, толық ақпарат алған соң қай бағытты таңдауға болатынын анықтады. Нәтижесінде Майгүл бірден екі курсты таңдаған:
• «Kaspi платформасындағы сауда негіздері»;
• «Бухгалтерлік есептің негіздері».

«Бухгалтер мамандығым болса да, тәжірибем мүлде болмаған. Маған тек теорияны еске түсіру емес, оны іс жүзінде қолдануды үйрену қажет болды. Оқу курсы өте пайдалы болды, материалдар түсінікті әрі құрылымды, оқытушылар маңызды әрі құнды ақпараттар айтты», – дейді ол.

Курс тек білім беріп қана қоймай, жаңа достар табуға және қолдау сезінуге мүмкіндік берген. Курсты аяқтағаннан кейін Майгүл сату бөлімінің жетекшісі қызметіне орналасқан. Жаңа білімдер орынды әрі дер кезінде пайдаға жараған: бүгінде ол бухгалтерлік білімін және 1С бағдарламасын белсенді қолданады. Ол JOLTAP жобасында алған тәжірибе үшін ерекше ризашылығын білдірді.

«Бұл жоба өз мамандығыма жаңа қырынан қарауға, сенімділік пен мотивация алуға көмектесті. Мен JOLTAP жобасын әпкеме және таныстарыма да ұсындым, олар да курсқа жазылды», – дейді жоба түлегі.