Астанада балалардың құқығын қорғауға және отбасыларға көмек көрсетуге арналған «Отбасы Көмек» цифрлық платформасы таныстырылды

Астанада балалардың құқығын қорғауға және отбасыларға көмек көрсетуге арналған «Отбасы Көмек» цифрлық платформасы таныстырылды

Астанадағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотта жаңа әлеуметтік-цифрлық жоба – «Отбасы Көмек» платформасы таныстырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жоба Астана қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиямен бірлесіп жүзеге асырылған.

Жобаны таныстыру барысында қатысушылар отбасылық соттың жұмысын ақпараттық технологиялар арқылы жаңғырту жолдарын талқылады. Атап айтқанда, азаматтық қоғаммен, медиация институттарымен және отбасылық психология саласындағы мамандармен тығыз өзара іс-қимыл орнату мәселелері көтерілді.

Осындай құралдардың бірі – «Отбасы Көмек» платформасы. Бұл – әлеуметтік қолдау жүйесін цифрлық трансформациялауға бағытталған инновациялық құрал.

Мобильді веб-платформа азаматтарға отбасылық құқық, жанжалдарды шешу және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жедел көмек көрсету үшін құрылған.

Жоба аясында азаматтарға заңгерлік кеңестер, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, отбасыларға жағдайына байланысты сүйемелдеу, медиаторлар, психологтар және басқа да сарапшылардың қызметтеріне қол жеткізу ұсынылады.

«Біз маңызды мәселені көтердік — ювеналдық соттың қоғаммен, әсіресе жастармен тиімді өзара іс-қимылын қалай жолға қою қажет. Бүгін біз дәл осы жастардың өзі жасап шығарған платформаны таныстырдық. Ол азаматтардың сотпен байланысын жеңілдетуге бағытталған», — деді сот медиаторы, «KazBrands» қоғамдық қорының жетекшісі Жаңылбеке Қайкенова.

Платформаны елордалық политехникалық колледждің «Цифрлық технологиялар» мамандығы бойынша оқып жатқан студенттері KazBrands қоғамдық қорының қолдауымен және сараптамалық сүйемелдеуімен әзірлеген.