Жыл сайын 5 маусымда атап өтілетін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне (Эколог күні) орай, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатысушылары экологиялық челендж бастады. Бұл бастама экологиялық мәдениетті насихаттауға және жастар арасында табиғатқа ұқыпты көзқарас қалыптастыруға бағытталған. Жастар пайдалы бейнероликтер, тикток видеолар түсіріп, өз күндерін жоба аясында әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр.
Челендждің басты мақсаты – жастарды нақты экологиялық істерге тарту: ағаш отырғызу, аумақтарды қоқыстан тазарту, қалдықтарды сұрыптау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы тарату.
«Біз экологиялық өмір салтын ұстану қиын емес екенін, тіпті қызықты болуы мүмкін екенін көрсеткіміз келеді. Әр қатысушы өз үлесін қосуда – қоқыс жинап, ағаш егіп, қарапайым, бірақ маңызды қадамдар жасауда. Челенджге кез келген адам қатыса алады, ол үшін әлеуметтік желілерде #ТабиғатымБайлығым хэштегін қолдану жеткілікті», – деді жобаның бір қатысушысы.
Бейжай қалмайтын азаматтарды, волонтерлер мен жастар ұйымдарын осы бастамаға қосылып, табиғатты сақтау ісіне үлес қосуға шақырамыз.