Астанада ерекше балалардың қатысуымен концерт өтті

Астанада ерекше балалардың қатысуымен концерт өтті

Астанадағы Ailand ойын-сауық орталығының алаңында халықаралық Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Концертті «Ерекше мерекелер» қоғамдық қоры Нұра ауданының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараның ерекшелігі – сахнада өз өнерін ерекше балалар көрсетті.

«Бұл концерттік бағдарламаның ерекшелігі – оған қаламыздың ерекше әртістерімен қатар, дені сау балалардың да қатысуы. Біз балалардың әлеуметтенуін қолдаймыз. Олар сахнада да, сахна сыртында да бір-біріне қолдау көрсетуі керек. Дені сау балалар қоғамда өздерінен сәл ерекшеленетін жандардың да бар екенін түсінгені маңызды. Олар да – әртіс, олар да қошеметке лайық, олар да көрерменнің эмоциясын сезінуге құқылы», – деді «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының жетекшісі Ботагөз Игенбаева.

Концерт барысында барлығы 23 би және вокалдық нөмір ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар сахнада өлең оқып, ұлттық аспаптарда өнер көрсетті.