
Астанадағы Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры қазақ халқының ертегісі «Асан мен Үсенді» тың әрі ерекше форматта сахналады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қойылым Ыбырай Алтынсарин шығармасының желісі бойынша дайындалған. Алайда драматург Бақытбек Қадыр көпшілікке белгілі оқиғаны едәуір кеңейткен.
«Ыбырай Алтынсариннің ертегісінен біз тек Асан мен Үсен кейіпкерлерін алдық. Ал біздің қойылымда әртүрлі қазақ халық ертегілерінен Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар сияқты кейіпкерлерді қостық. Тіпті Алтынсариннің өзі де Marvel фильмдеріндегі камео секілді сюжетке енеді. Асан мен Үсен жолда келе жатып, онымен кездеседі. Бұл – қызықты сәттердің бірі», – деді режиссер Нұржігіт Мүслімұлы.
Қойылымды шамамен 400 көрермен тамашалады. Қоюшы топтың басты мақсаты – заманауи комикс стилін қолдана отырып, балалардың қазақ ертегілеріне деген қызығушылығын ояту. Спектакльдің басты ерекшеліктерінің бірі – 2D форматындағы безендірілуі.
«Қазіргі балалар қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлерді білмейді. Біз оларға соларды танытқымыз келді. Сонымен қатар, бұл қойылымда Marvel комикстерімен ұқсастық бар екенін мақтанышпен айтамыз. Мысалы, Халк – Таусоғарға ұқсайды, ол да тауларды аударып тастайды. Ал Көлтаусар – суға иелік етеді, Аквамен сияқты», – дейді режиссер.
Ертегіде білімге деген құштарлық пен ізденімпаздық секілді құндылықтар насихатталады. Сондай-ақ балалардың телефонға тәуелділігі тақырыбына ерекше назар аударылған.
Ертегідегі музыкалық сүйемелдеулер де ерекше. Егер қарапайым қойылымдарда 20-30 ән қолданылса, бұл спектакльде 100-ден астам музыкалық композиция мен дыбыстық эффект пайдаланылған.