«БөпеFair»: елордада отбасылық фестиваль өтті

«БөпеFair»: елордада отбасылық фестиваль өтті

Балалар мерекесіне орай Астанадағы «Жетісу» саябағында «БөпеFair» отбасылық ойын-сауықтық, танымдық фестивалі өтті. Екі күн қатарынан таңертеңнен кешке дейін ұйымдастырылған іс-шара елордалық балалар мен олардың ата-аналарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Жетісу» саябағы әкімшілігінің ұйымдастыруымен 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күнінде өтетін фестиваль екі күнде де таңғы йогамен басталды. Би ансамблінің өнерімен ашылған іс-шара одан әрі ұлттық киімдердің сән үлгісін көрсетумен жалғасты. Сонымен қатар бағдарламаға сәйкес «Жөргектегі балалар жарысы», «Балалар арбасымен жарыс» байқаулары, кидбург, би кеші өтті. Екінші күнінде «Арт-жүкті әйелдер», «Mrs.Bope Fair 2025» байқаулары, «Хазар» лезгинка би мектебінің өнері, Гәкку, «Алтын ұрпақ» көрсетілімі ұйымдастырылды.

«Біздің саябақ «БөпеFair» отбасылық фестивалін өткізуді 2017 жылы бастаған. Имидждік жобамыздың бұл екінші рет өтуі. Барлық іс-шара тегін, таңертеңнен сағат 12.00-ге дейін бүкіл аттракциондар да 14 жасқа дейінгі балаларға ақысыз болады. Бұдан басқа да фестивальдер саябақта жиі өткізіледі. Басты мақсат – мұнда келген халықтың балаларын тек аттракциондарға мінгізіп қана қайтпай, үлкенге де, кішіге де уақытын қызықты өткізуіне жағдай жасау. Сол үшін түрлі концерттік бағдарламалар, ойындар ұйымдастырылып отырады. Жалпы саябақтың аумағы – 14 га. 2018 жылы саябақ қайта құрылып, оның жөнделіп, қазіргідей безендірілген жаңа кейпін қала күніне Алматы облысы сыйға тартты», – дейді саябақтың басқарушысы Нұрия Сәдуақасова.

Саябаққа мереке күні келген халықтың қарасы қалың. Балаларын ерткен елордалықтар мен қала қонақтары әр түрлі іс-шараларға қатысып, мәз-мейрам болды.