Астанада үш аула абаттандырылып, қолданысқа берілді

Астанада үш аула абаттандырылып, қолданысқа берілді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласының Алматы ауданында үш ауланың абаттандыру жұмысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Жобалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты шара Тәуелсіздік даңғылы, 34/1 мекенжайында өтті. Сонымен қатар, Абылай хан даңғылы, 19 және 19/3 мекенжайларындағы аулалар да толық абаттандырылып, тұрғындар пайдалануына тапсырылды.

Абаттандыру жұмыстарының барысы туралы Алмат ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің басшысы Данияр Қожахметов былай деді:
«Бүгінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай үш аула ел игілігіне берілді. Биыл Алматы ауданында жалпы 15 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстардың қатарында футбол алаңын қалпына келтіру, балалар алаңын орнату, тас төсеніштерін ауыстыру, ағаш отырғызу, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою, шағын сәулет нысандарын жаңарту сынды жұмыстар бар».

Аула тұрғындары да аумақтың жай-күйінің жақсарғанын оң бағалап отыр. Солардың бірі - Күлән Бекова:
«Бұл кешенге көшіп келгенімізге бір жыл болды. Аула қазір өте жайлы, кешке балаларымызбен серуендейміз. Балалар алаңы мен демалыс орындары өте ыңғайлы. Жасалған жұмыстар көңілден шықты. Әкімдікке алғысымызды білдіреміз», - деді Тәуелсіздік даңғылы, 34/1 мекенжайы тұрғыны.

Жаңартылған аулаларда балаларға арналған ойын кешендері, спорттық алаңдар орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына жағдай жасалған. Сондай-ақ мерекелік күні балаларға арналған аниматорлық бағдарлама ұйымдастырылды.

Жалпы, биыл елордада 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылмақ.