«Балалар – біздің бақытымыз»: Астанада ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті

«Балалар – біздің бақытымыз»: Астанада ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елорда әкімдігі алдындағы қалалық алаңда ерекше балаларға арналған «Балалар – біздің бақытымыз» атты мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Мерекені «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қоры Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Сахнада ән шырқалып, би қойылымдары мен интерактивті көріністер өтті.
«Қаланың Мәдениет басқармасы мен Білім басқармасының қолдауымен, сондай-ақ шығармашылық орталықтардағы әріптестеріміздің көмегімен және Сарыарқа ауданы әкімдігінің қатысуымен осы тамаша шараны өткізуге мүмкіндік алдық. Біздің концертіміздің сахнасында Астананың ерекше әртістері – балалар, жастар және аға буын өкілдері өнер көрсетті. Олар ән айтып, өлең оқыды, музыкалық аспаптарда ойнап, көрермендерге қуаныш сыйлады. Біз әлеуметтендіру бағдарламасына ерекше көңіл бөлеміз. Ерекше балалармен бірге сахнаға олардың қатарластары – қалыпты дамудағы балалар деп атайтын, нормотипті балалар да шығады. Бұл өте маңызды, өйткені олар қоғамда әртүрлі балалар өмір сүретінін – өздеріне ұқсайтын, бірақ сәл ерекшеленетін балалар бар екенін түсінуі керек. Осындай бірлескен жұмыс – сахнадағы және сахна сыртындағы ынтымақтастық – достық пен қабылдау атмосферасын тудырады.
Осындай жобалар арқылы шығармашылық қабілеттер ашылып, өзара түсіністік дамып, төзімділік қалыптасады. Ерекше балалардың әлеуетін дамыту үшін, оның ішінде инклюзивті бастамалар арқылы да, мұндай алаңдардың маңызы зор екенін түсінеміз», — деді «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қорының жетекшісі Ботагөз Игенбаева.

Ерекше баланың анасы Балжан өз әсерін былайша жеткізді:
«Маған бүгін осындай тамаша шара өтетінін көршім айтты. Содан ұлыммен бірге барамын деп жоспарладым. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Балалар сурет салып, би билеп, музыка тыңдап, бір-бірімен ойнады – бұл біз үшін өте маңызды. Бүгін балам бақытты болды. Ал бұл – әр ата-ана үшін ең басты нәрсе».