1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елорданың «Ғашықтар» саябағында Еуропа күніне арналған ашық фестиваль – EuroFest 2025 өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль қонақтары Еуроодақ елдерінің ұлттық тағамдары мен сусындары ұсынылған еуропалық жәрмеңкеге қатыса алады. Келушілерге ЕО-ның Қазақстан мен Орталық Азиядағы жобалары туралы ақпараттық стендтер де дайындалған. Бұл жобалар білім беру, тұрақты даму және инновация салаларын қамтиды.
Сондай-ақ сахнада түрлі елдердің өнерпаздары өнер көрсетіп жатыр – фламенко биінен бастап румын халық билері, неміс әндері мен хорват көрмесіне дейін.
Іс-шара аясында балалар мен ересектерге арналған ойын, шеберлік сабақтары мен түрлі қызықты бағдарламалар ұйымдастырылған интерактивті аймақтар жұмыс істеп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль аясында жиналған барлық қаражат жергілікті қайырымдылық ұйымдарын қолдауға бағытталады. Себебі EuroFest – бұл мәдениеттер мерекесі ғана емес, өзара көмектің де алаңы.
«Бүгін өз мәдениетін – тағамын, кітаптарын, дәстүрлерін – осы мерекеге арнаған елдердің елшілеріне үлкен алғыс білдіремін. Бұл – олардың жеке үлесі. Бүгін бізбен бірге осы мейрамды атап өтуге келген қонақтарға да алғыс айтамыз. Міндетті түрде стендтерге келіңіздер – біз арнайы камералар орнатып, олардан сахнаға тікелей көрсетілім жүргіземіз», – деді фестивальдің ашылуында Еуропа Одағының Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич.